ШҚО тұрғындары Ертіс жағасының опырылып жатқанын айтып дабыл қақты (ВИДЕО)

Өзен суы тұрғындардың жер телімдерін шайып жатыр

ШҚО тұрғындары Ертіс жағасының опырылып жатқанын айтып дабыл қақты (ВИДЕО)
Фото: видеодан скрин

Шығыс Қазақстан облысындағы Прапорщиково ауылының тұрғындары Ертіс өзенінің жағалау сызығы бұзылып жатқанын айтып шағымданды. Соның салдарынан олардың жер телімдері біртіндеп суға опырылып түсіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Бұған дейін ауыл тұрғындарының бірінің сырттағы әжетханасын өзен ағызып әкеткені хабарланған. Одан бұрын Ертіске бақшадағы егілген қатарлар опырылып түскен.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда тұрғындар қауіп аймағына электр беру желісінің тірегі де түсуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген.

Әкімдік жағдайға әлеуметтік желідегі жарияланым астында пікір білдірді.

«Аталған жағдай тұрақты бақылауда. Қазіргі уақытта Ертіс өзеніндегі су деңгейі ГЭС-тен су жіберілуіне байланысты көтеріліп жатыр. Жергілікті атқарушы орган жағалауды бекіту жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр», – делінген пікірде.

Билік өкілдері жағалау сызығын бекіту жұмыстары жалғасатынына сендірді.