Екібастұзда 5 млрд теңгенің арнайы техникаларына қатысты дауға нүкте қойылды

Автор: Асыл Арман

Оның бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды

Фото: istockphoto.com

Павлодар облысының прокуратурасы мемлекет тарапынан мүлікке құқықтарды сатып алу кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2024 жылы «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС-ден қалалық әкімдіктің коммуналдық меншігіне жалпы баланстық құны 5,34 млрд теңге болатын мемлекеттік мүлік қабылданған.

Алайда жергілікті атқарушы орган тарапынан 21 автокөлік құралына меншік құқығы тіркелмеген, бұл кейіннен азаматтық-құқықтық қатынастарға байланысты 82 атқарушылық іс жүргізу шеңберінде тыйым салуға негіз болған.

«Қадағалау актісі бойынша әкімдік талап-арыз жұмыстары жүргізіліп, сот шешімімен ауыртпалықтар алынып тасталды, нәтижесінде құны 235 млн теңгеден асатын мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды. Аталған арнайы техника қаланың коммуналдық қажеттіліктері үшін пайдаланылатын болады», – делінген прокуратура хабарламасында.