Ол Мәжіліс қарап жатқан заң жобасын жылдам қабылдау керек деген пікірде
Қазақстан әлемдік тәжірибені ескере отырып «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап жатыр. Орал қаласының тұрғыны Сейіт Масалимов елімізге мұндай заңды қабылдау аса қажет деп есептейді. Себебі өңірде бірнеше рет бұралқы иттер балаларға шабуыл жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жалпы мен бұл бұралқы иттерге қатысты заңды және кейінгі эвтаназия мәселесін толық қолдаймын. Себебі бізде, Орал қаласында бұл үлкен проблемаға айналып отыр. Иттер жиналып алып, адамдарға, мысықтарға және басқа да ұсақ жануарларға шабуыл жасайды. Біздің аулада өткен жылы бір жағдай болды: бір отбасы, анасы мен қызы кешкі сағат он шамасында аулаға кіріп келе жатқан. Қыз сәл алға озып кеткен, сол жерде екі ит сүйек жеп жатқан. Сол иттер әлгі қызға шабуыл жасаған. Абырой болғанда, сол аулада әкесі баласымен серуендеп жүрген және анасы да жүгіріп жетіп, араша түскен. Бірақ бәрібір иттер қыздың жамбасынан тістеп, қатты тырнап тастаған», - дейді Масалимов.
Оның айтуынша, бұралқы иттер көшеде жүрген мысықтарды да талап жеп қойған.
«Оның бірі менің мысығым болатын. Ал бір апта бұрын түскі асқа келгенімде, небәрі бес минуттың ішінде тағы бір мысықты талап өлтірді. Менің ойымша, бұл заң дұрыс, көптен бері шешілуі керек мәселе еді. Таңертең қалада жүру мүмкін емес, себебі барлық жерде қаңғыбас иттердің топтары жатады. Оларға жақындау өте қауіпті, не боларын білмейсің. Біз өңірде тұрамыз, яғни елдің батысында. Бізде, мысалы, иттерді аулау қызметі Астанадағыдай жақсы жұмыс істемейді. Астана – бас қала, онда қаржыландыру да, коммуналдық қызметтерге көзқарас та басқа. Ал бізде бұл сала өте әлсіз», - дейді ол.
Оның айтуынша, мұндай қызметтерге қоңырау шалып, өтініш қалдырғанмен, олар не мүлде келмейді, не өте кеш келеді деп отыр. Ал иттер де ақылды, көлікті көрсе бірден қашып кетеді.
«Сондықтан бұл үлкен мәселе. Иттерді аулап, чиптеп, стерилизациялағанмен де, нәтиже жоқ. Қоректік базасы бар, олар бәрін жейді, азықты да, өлексені де. Инфекция таратады. Мысықтардың бәрін қырып бітті, қалада мысық қалмады десек болады. Қала адамдар үшін салынған, жануарлар үшін емес. Сондықтан ең алдымен адамдар қалада қауіпсіз өмір сүруі керек. Кейбір зооқорғаушыларды түсінбеймін, олар өздерін зооқорғаушы дейді, бірақ меніңше олар жалпы жануарларды емес, тек «ит қорғаушылар» сияқты. Олар бәрі иттерді жақсы көруге міндетті деп ойлайды. Мен мұнымен келіспеймін. Неге мен біреудің итін жақсы көруім керек? Мені екі рет ит тістеген, сондықтан мен итке таланғанның қандай болатынын жақсы білемін. Ит еш себепсіз де шабуылдай береді. Сондықтан мен бұл заңды толық қолдаймын. Бұл мәселе көптен бері пісіп-жетілген, тіпті бұдан бұрын да қабылдануы керек еді деп есептеймін», - дейді Сейіт Масалимов.
Қала тұрғыны Оралда оншақты адам өзін зооқорғаушы деп санап, осы мәселеге қарсы шығып жүр. Дегенмен, олардың шын мүддесі жануарларды қорғау емес, грант алып, ақша игеру.
«Бірақ олар бәрі шетелдік гранттармен жұмыс істейді деп айтады, нақты кім қаржыландырып отырғаны белгісіз. Ал 400 мың халқы бар Орал қаласы қорқынышта өмір сүріп отыр. Оншақты адамның пікірін бүкіл халықтан жоғары қоюға болмайды. Оларды неге есепке алу керек деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, оларды тексеру керек: кімдер, қайдан шыққан, не үшін әрекет етіп жүр, қандай негізде сөйлеп жүр – соның бәрін анықтау керек. Сондықтан бұл жерде тіпті тиісті органдар да қарап, олардың кім екенін, қандай мақсатпен жұмыс істеп жүргенін тексерсе дұрыс болар еді. Азшылық көпшілікке өз ойын күштеп таңбауы керек», - дейді Масалимов.