Атырау облысының прокуратурасы балық шаруашылығы саласында бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды
Атырауда шенеуніктер бюджеттен 147 млн теңге бөліп, қара уылдырық сатып алмақ болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атырау облысының прокуратура органдары бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуының заңдылығына тұрақты негізде талдау жүргізіп, баға беріп отырады. Осы ретте, «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мемлекеттік кәсіпорны 23.02.2026 жылы мемлекеттік сатып алу порталында хабарландырулар жариялап, бекіре уылдырықтарын 147,4 млн теңгеге сатып алуды жоспарлағаны анықталды.
«Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» заңның 11-1 бабына сәйкес мемлекеттік кәсіпорын, яғни зауыт бекіре тұқымдас балықтарының уылдырықтарын сатып алуына рұқсат берілмеген.
Алайда, Зауыт бұл талаптарға және өзінің негізгі міндеттеріне қайшы бекіре тұқымдас балықтарының уылдырықтарын заңды тұлғалардан нарықтық бағада сатып алуды заңсыз жоспарлаған, мемлекеттік сатып алуды негізсіз ұйымдастырған.
«Табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актісімен мемлекеттік сатып алудың күші жойылып, 147 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты үнемделді. Аталған саладағы заңдылықтың жай-күйі табиғат қорғау прокуратурасының тұрақты бақылауында», – делінген прокуратура хабарламасында.