Алматыда жеке сот орындаушысының былығы әшкере болды: оған сот үкімі шықты

Автор: Асыл Арман

Заңсыз әрекеттің салдарынан өндіріп алушыға 35,6 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірілді

Фото: istockphoto.com

Алматы қаласында жеке сот орындаушысы мүлікке салынған тыйымды заңсыз алып тастаймын деп сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қаласы Наурызбай ауданының прокуратурасымен жеке сот орындаушысының өкілеттігін теріс пайдалану фактісі анықталды.

Белгілі болғандай, сот орындаушысы борышкердің банк шотына бұрын салынған тыйымды заңсыз алып тастаған, бұл шотта берешекті өтеуге жеткілікті қаражат болған.

Осының салдарынан өндіріп алушыға 35,6 млн теңге көлемінде материалдық залал келтірілді.

«Наурызбай аудандық сотының үкімімен жеке сот орындаушысы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 251-бабы (жеке сот орындаушысының өкілеттігін теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, сондай-ақ сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығынан айыруға сотталды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген прокуратура хабарламасында.