Жаңа нормативтік құжаттың жобасы ашық талқылауға шықты
Қазақстанда шекарадағы ұзын-сонар кезекті азайту үшін күту аймақтарына бірыңғай талаптар енеді. Көлік министрлілігі жаңа нормативтік құжаттың жобасын 24 сәуірге дейін талқылауға шығарған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жаңа ережеге сәйкес, күту аймақтары бекеттердің өткізу қабілеті, көлік ағыны, сондай-ақ жер бедері мен климаттық жағдайларды ескере отырып жобаланады. Қозғалыс жүйесі көліктің қауіпсіз әрі жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін бірнеше кезеңге бөлінеді: кіру, тіркелу, күту, қызмет алу және шығу.
Күту аймақтары үш бөліктен тұрады. Олар – тұрақ аймағы, коммерциялық аймақ және әкімшілік аймақ. Тұрақта жүк және жеңіл көліктер бөлек орналастырылады. Шекара бекетіндегі тұрақта кемінде 200 жүк көлігіне орын беріледі.
Кезек электронды жүйе арқылы жүреді– жүргізушілер терминал немесе мобильді қосымша арқылы тіркеле алады.
Сонымен қатар аймақтар автоматтандырылған бақылау жүйелерімен және нөмір тану технологиясымен жабдықталады. Одан бөлек мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен де ықпалдастырылады. Интернет, байланыс және қауіпсіздік жүйелері де толық қамтамасыз етіледі.
Министрлік бұл шаралар көлік ағынын тиімді реттеп, шекарадағы кептелісті азайтып, транзиттік тасымал сапасын арттырады деп есептейді. Жаңа талаптар жаңа нысандарға да, қолданыстағы аймақтарды жаңғырту кезінде де енеді.