Алматыда автобус пен екі жүк көлігі соқтығысқан: зардап шеккендер жоқ

Автор: Дәулет Ботагөз

Аталған жол апаты Медеу ауданында тіркелді

Фото: © istockphoto.com

Алматының Медеу ауданында ірі жол апаты болды. Төле би мен Қастеев көшелерінің қиылысында екі бірдей Howo ауыр жүк көлігі мен автобус соқтығысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, алдымен бір жүк көлігі екіншісіне соғылып, соққы екпінімен екінші ауыр техника алдында тұрған автобусқа барып соғылған.

«Аталған жол апаты Медеу ауданында тіркелді. Төле би көшесінің бойымен келе жатқан үш көлік өзара соқтығысқан. Зардап шеккендер жоқ», — деп мәлімдеді мекеме өкілдері.

Полиция мамандары апатқа ұшыраған автобустың қоғамдық көлік қызметін көрсетпейтінін атап өтті. Яғни, оқиға кезінде ішінде жолаушылар болмаған немесе ол жеке меншік мақсатта пайдаланылған көлік болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп, апаттың нақты себептерін анықтап жатыр.