Азаматтардың ар-намысына тиетін мәлімдеме жасаған
Алматы қалалық Полиция департаменті өзін діни «ұстаз» ретінде таныстырып жүрген Нұржан Смағұловты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ол әлеуметтік желіде азаматтардың ар-намысына тиетін мәлімдеме жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұржан Смағұлов Instagram әлеуметтік желісінде видео жариялап, онда азаматтарды «сиырларға» теңеп, қорлаған. Полиция қызметкерлері бұл дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-бөлігі 3-тармағы бойынша хаттама толтырды.
Сот шешімімен Смағұлов кінәлі деп танылып, оған 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салды. Төленетін сома – 108 125 теңге.
Құқық қорғау органдары азаматтардың сенімі мен дүниетанымына құрметпен қарау қажеттігін, сондай-ақ Қазақстан заңнамасын қатаң сақтау маңыздылығын еске салды. Ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлау заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.