Алматыда есірткі тасымалына қатысты іс қайта қаралып, кінәлілер сотталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл іс 2025 жылдың қаңтарында басталған болатын

Фото: © freepik.com

Алматы облысында есірткі тасымалдады деп айыпталған екі адамға қатысты сот үкімі қайта қаралды. Бұған дейін ақталған күдіктілерді бұл жолы алқабилер кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл іс 2025 жылдың қаңтарында басталған болатын. Ол кезде сот екі күдіктінің әрекетін толықтай ақтаған еді. Алайда прокуратура бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.

Нәтижесінде іс жаңадан қарауға жіберіліп, бұл жолы сот барысы алқабилердің қатысуымен өтті.

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, сотталушылар алдын ала сөз байласу арқылы есірткі саудасымен айналысқан. Олар психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алып, тасымалдаған және сақтаған.

«Ұстау кезінде сотталушылардан 20 келіден астам хлорметкатинон тәркіленді. Бұл айғақтар оларды кінәлі деп тануға толық негіз болды», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

2026 жылдың 27 наурызында өткен сот отырысында алқабилер айыпталушылардың кінәсін растады. Сот үкімімен екі сотталушы да 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.

Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар белгіленген мерзімге дейін шешімге шағым түсіруге құқылы.