Түркістан облысында балалардың қауіпсіздігі үшін дрондар іске қосылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Енді құтқарушылар тұрғындарға дауыс зорайтқыш арқылы сақтық шараларын ескертеді

Фото: © istockphoto.com

Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті балалардың терезеден құлауының алдын алу үшін пилотсыз ұшу құралдарын іске қосты. Енді құтқарушылар көпқабатты үйлердің маңында дрондарды ұшырып, тұрғындарға дауыс зорайтқыш арқылы сақтық шараларын ескертуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дрондар қандай ақпарат таратады?

Тұрғын үй алаптарының үстінде ұшқан дрондар ата-аналарға маңызды ережелерді еске салатын болады:

  • Балаларды қараусыз қалдырмау;
  • Терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату;
  • Тұрмыстық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

ТЖД өкілдерінің айтуынша, бұл шараның негізгі мақсаты жазатайым оқиғалардың санын азайту және халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру. Көпқабатты үйлердегі ата-аналардың қырағылығын күшейту үшін мұндай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.