Оған қатысты сот үкімі жарияланды
Астанада әріптестерінің сенімін пайдаланып, жалған қайғылы оқиғалар арқылы әріптестерінен ақша жинап алған әйел сотталды. Ол бір жыл бойы анасының қайтыс болғаны мен баласының ауыр хәлде екені туралы өтірік айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталған әйел декреттік демалыста бола отырып, бір жыл бойы өзінің әріптестерін жүйелі түрде жаңылыстырып, отбасында қайғылы оқиғалар болды деген жалған оқиғамен, оның ішінде анасының қайтыс болуы және баласының ауыр хәлде екендігі жөнінде көрінеу жалған мәліметтер айтып, сол арқылы олардың жанашырлық сезімін тудырған.
Оның сөздеріне сенген және көмек көрсеткісі келген әріптестері, отбасылық мәселелерді шешуге және баланы емдеуге қажет деп ойлап, сотталған әйелге ақша қаражатын аударып отырған.
«Қылмыстық әрекеттердің салдарынан жәбірленушілерге 2 млн теңгеден астам сомаға шығын келтірілген. Жеңілдететін мән-жайларды, атап айтқанда кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, келтірілген залалды ішінара өтеуін ескере отырып, сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілене отырып, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», – делінген прокуратура хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.
Қала прокуратурасы материалдық көмек сұрау немесе қаражат жинау жағдайларында сақ болуға және ақпараттың дұрыстығын тексеруге кеңес береді.