20 рет пышақ сұққан: Ұлытау облысында ер адам төрт баланың анасын аяусыз өлтіріп кетті

Автор: Асыл Арман

Күдіктінің 33 жаста болғаны белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Ұлытау облысына қарасты Жәйрем кентінде 42 жастағы әйел адамды 33 жастағы «сүйіктісі» аяусыз пышақтап өлтіріп кетті деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Криминальный Казахстан» мәліметіне сүйенсек, марқұм өз отбасын өзі асырап келген, дүкенін жүргізіп, пәтерлерін жалға беріп, төрт баласын, оның ішінде мүгедек қызын тәрбиелеп келген.

Жақындарының айтуынша, күдікті жұмыс істемеген, ішімдікке салынған және агрессия танытқан. Олардың қатынастарында ұзақ уақыт бойы зорлық-зомбылық болған. Қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын әйел адам онымен айырылыспақ болған, бірақ уақытша өз пәтерінде тұруына рұқсат еткен.

Оқиға күні марқұм дүкенінде болған. Сағат 13:55 шамасында ер адам дүкенге келіп, оны пышақтап кеткен. Туыстарының айтуынша, шамамен 20 жеріне пышақ сұғылған. Шабуылдан кейін күдікті өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған, бірақ аман қалды. Қазіргі уақытта ол Жезқазған қаласындағы ауруханада жатыр.

Оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы, 5-тармағы – «Аса қатыгездікпен кісі өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Марқұмның туыстары әділ тергеу жүргізілуін талап етіп, балаларға қамқоршылық рәсімдеуді жоспарлап отыр.

Оқиғаға байланысты агенттік тілшісі Ұлытау облысының Полиция департаментіне сауал жолдады.

«Ұлытау облысының Полиция департаменті Жәйрем кентінде әйел адамның қаза болуына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Күдікті – марқұммен бірге тұрған 33 жастағы жергілікті тұрғын. Қылмыс жасағаннан кейін ол өзіне қол жұмсамақ болған. Қазіргі уақытта ол полицияның тәулік бойғы күзетімен медициналық мекемеде жатыр», – делінген ПД түсініктемесінде.

Соттың санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті дереу тергеу изоляторына қамалады.

Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.