Ақтөбеде шетел азаматтарына жалған құжат жасап берген делдалдар ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Олар бірнеше мекеме жалға алып отырған ғимаратта заңсыз көші-қон ұйымдастырған

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе қаласында шетел азаматтарына азаматтық алып береміз деген желеумен заңсыз делдалдық қызмет ұйымдастырған топтың әрекеті әшкереленді. Олар шетел азаматтарына жалған құжаттар арқылы ақылы қызмет көрсеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биыл 2 сәуір күні Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында Ақтөбе қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы да жұмыс істейтін ғимаратта заңсыз делдалдық қызмет ұйымдастырған бір топ тұлғалардың қылмыстық әрекетін әшкереледі.

Жедел деректерге сәйкес, олар өздері жалға алған бірнеше кабинетте шетел азаматтарын тіркеу саласында жалған құжаттарды пайдалана отырып, ақылы негізде делдалдық қызмет көрсеткен.

«Қазіргі уақытта аталған тұлғалардың Орта Азия елдерінен келген шетел азаматтарына заңсыз құжат рәсімдеумен айналысқаны анықталды. Жалған құжаттарды дайындау, қолдан жасау және өткізу фактісі бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында күдіктілердің қылмыстық әрекеттерін құжаттандыруға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жалғаып жатыр. Құрметті азаматтар, құжаттарды тек ресми көздер арқылы рәсімдеулеріңізді сұраймыз және «көмекшілер» деп аталатын делдалдарға жүгінбеулеріңізді өтінеміз», – делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.