Қазақстандықтар медициналық сақтандыру қорына 360 миллиард теңге аударған

Автор: Azattyq Rýhy

Ол ақшаның 70 миллиарды Алматы қаласы тұрғындарына тиесілі

Біраз уақыттан бері басынан дау арылмай келген Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қазақстандықтар 360 миллиард теңге жинапты. Бұл туралы аталған қордың Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

Қорға түсен жарнаның басым бөлігі жұмысшылардың еңбекақысынан аударылған. Сондай-ақ, бірыңғай жиынтық төлеушілер саны да артқан. Алматы қаласы бойынша 2019 жылдың басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 171 мыңнан астам адам 242,8 млн теңге көлемінде БЖТ төлеген.

«Алматы қаласы республика бойынша жарналар мен аударымдардың көлемі жағынан көш бастап тұр. Жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша Алматының еншісінде. Жалпы, сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 29 мамырына дейінгі аралықта Алматы қаласынан Қорға 70,2 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 61,2 млрд теңгесі жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары болса, қалған 9 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндерге тиесілі», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тлеухан Әбілдаев.