Дәстүрлі парадтың орнына ел бойынша әскери-патриоттық және еске алу шаралары ұйымдастырылады
Қазақстанда 2026 жылы әскери парад өткізу жоспарланбаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, дәстүрлі парадтың орнына ел көлемінде әскери-патриоттық және еске алу бағытындағы іс-шаралар өтеді.
«Әскери-патриоттық іс-шаралар жоспарланып отыр: ерлік сабақтары, үздік әскери қызметшілерді марапаттау, ардагерлерге құрмет көрсету, экологиялық акциялар, әскери оркестрлер шеруі, шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі, техника мен қару-жарақ көрмесі, “сарбаз ботқасы” акциясы, ашық есік күндері», – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік бұл формат азаматтарды кеңінен тартуға және патриоттық тәрбиені дамытуға бағытталғанын атап өтті.