Шымкентте қайғылы жағдай: 8-сынып оқушысының өліміне қатысты іс қозғалды

Автор: Алмас Ерсін

Қайғылы оқиға 6 сәуір күні жасөспірімнің үйінде болған 

Фото: Әсет Құндақбаев

Шымкентте тағы бір қайғылы жағдай тіркелді. Қаланың 8-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсаған. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер оны аман алып қала алмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar басылымына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, бұл ақпаратты қалалық білім басқармасы растаған. Ведомство мәліметіне сәйкес, қайғылы жағдай 6 сәуір күні оқушы үйінде болған кезде орын алған.

«Жасөспірімді туыстары тауып алған. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылды. Алайда дәрігерлер жеткен сәтте оқушыда өмір белгілері болмаған», – деп түсініктеме берді Шымкент қалалық білім басқармасы.

Ресми мәлімет бойынша, жасөспірім бұған дейін арнайы медициналық есепте тұрмаған. Оның мұндай қадамға не себеп болғаны әзірге белгісіз. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді Шымкент қалалық полиция департаменті.