Ақтауда қарт кісі көлік астына түсіп, көз жұмды

Автор: Асыл Арман

Қайғылы оқиға 7 сәуір күні болды

Фото: freepik.com

Ақтау қаласында зейнеткер әйел көлік астына түсіп, көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап.

Оқиға 7 сәуір күні сағат 16:15 шамасында 11А және 26-шы шағынаудандар аралығындағы «Жігер» сауда орталығының жанында болды. Жаяу жүргінші жол белгілері жоқ жерден жолды кесіп өтпек болған.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, әйел адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлімі – «Көлік құралдарын пайдалану немесе жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соғу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Аталған бап бойынша айыпталушыға бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы және белгілі лауазымдарды атқару немесе белгілі қызметпен айналысу құқығын шектеу қарастырылған.