Перизат Қайраттың жазасын қалай өтеп жатқаны белгілі болды
Сотталған Перизат Қайраттың жазасын түзеу мекемесінде өтеп жатқаны және жұмысқа тартылғаны белгілі болды. Оның міндетіне қызметтік бөлмелерді тазалау кіреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәлімдеді.
«Сотталған азаматша сот шешіміне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатыр.
Ол мекемеде жұмысқа тартылған және қызметтік үй-жайларды тазалау жұмысын атқарады», – делінген ведомствоның ресми түсіндірмесінде.
Айта кетейік, қайырымдылыққа жиналған 3,5 млрд теңгені жеке мақсаттарына жұмсады деп айыпталған Перизат Қайрат былтыр 25 шілде күні 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленген болатын.
Ал оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталған.