Елорда прокуратурасы қалалық емханада бюджет қаражатын жымқыру схемасын әшкереледі
Астанадағы қалалық емханалардың бірінде бюджет қаражатын жымқырудың ірі схемасы анықталды. Есеп бойынша мемлекетке келген залал 675 млн теңгеден асады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру барысында медициналық ұйымның бұрынғы жетекші құрамы ұзақ уақыт бойы азаматтарды емдеуге арналған бюджет қаражатын заңсыз шығару схемасын ұйымдастырғаны анықталды.
Қаражаттар жақын туыстары мен үлестес тұлғалардың шоттарына аударылып, жымқыруды заңды қаржылық операциялар ретінде бүркемелеген.
Жымқырылған қаражаттың бір бөлігі қымбат тұрмыстық техника сатып алуға, сондай-ақ Италияға туристік сапарлардың ақысын төлеуге жұмсалған.
Қазіргі таңда мемлекетке келтірілген жалпы залал 675 млн теңгеден асты.
«Аталған дерек бойынша прокуратура органдары Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қылмыстық іс шеңберінде елорда прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеу әрекеттерін жүргізуде», – делінген прокуратура хабарламасында.