Енді бос жүрген ит болмайды: Қазақстанда үй жануарларының иелеріне қатысты жауапкершілік күшейеді

Автор: Аягөз Құрмаш

Иттің иесіне қандай жағдайда шара қолданылатыны белгілі болды  

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжілістегі брифингте депутаттар бұралқы иттерге қатысты иелерінің жауапкершілігі мен оларды бақылау қалай орындалатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды қазіргі заң бойынша «бос жүрген ит» деген ұғым бар дейді.

«Жаңа заңда егер иттің иесі болса, ол итке тұмылдырық тағылып, иесі оны жетекпен немесе қауіпсіз жерде ғана серуендетуі керек. Басқа жағдайларда ит міндетті түрде қауіпсіз жерде ұсталады. Егер ит бос жүрген болса, оны уақытша ұстау пунктіне апарып, ары қарай статусын анықтайды. Егер иттің иесі анықталса, әкімшілік шара қолданылып, жауапкершілік егжей-тегжейлі белгіленеді», –  дейді Сатыбалды.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин заң бойынша нақты агрессия көрсеткен жағдайда ғана шара қолданылатынын атап өтті.

«Осылайша, заң бойынша әрбір жағдай айқын реттеледі және иелердің жауапкершілігі белгіленеді. Қазіргі заң жобасында әкімшілік және қылмыстық кодекске сілтемелер жоқ, бірақ бақылау мен жауапкершілікті қамтамасыз ету үшін басқа заңдар аясында шешім қабылданған. Ішкі істер министрлігінің ұсынысына сәйкес, барлық иттер мен мысықтар міндетті түрде чиптелуі керек. Чиптің бар-жоғын тексеру үшін бақылау мен мониторинг жүйесі енеді. Жергілікті билік пен учаскелік полицейлер бұл құзыретті алады. Олар тек жол-көше жағдайында емес, тікелей үйде тексеру жүргізеді: ит немесе мысық бар ма, чипі бар ма екенін тексереді. Егер чип жоқ болса, жануардың иесіне бір ай уақыт беріледі. Егер сол уақыт ішінде чип салынбаса, айыппұл қолданылады. Егер қайта тексеру кезінде чип әлі де жоқ болса, жануар бұралқы деп есептеледі, яғни иесіз болып саналады және конфискациялануға жатады», – деді Жаңбыршин.

Осылайша, заң бір жағынан жануарлардың иелерінің жауапкершілігін қамтамасыз етеді, екінші жағынан бақылау функцияларын күшейтеді. Нәтижесінде, мемлекетте чиптелмеген және иесіз жануар болмауы тиіс.