Бұралқы иттерді бақылау жайлы заң: халықаралық тәжірибе және Үндістанның моделі

Автор: Аягөз Құрмаш

Заң жануарларға қатысты мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған

Фото:gov.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин бұралқы иттерді бақылауға қатысты заң жобасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе зерделенгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«Біріншіден, бұралқы иттерді стерилизациялау, вакцинациялау және қайта жіберу әдісі нәтиже бермеген. Мысалы, бұралқы иттердің саны тек 13%-ға қысқарса, адамдарға шабуылдар 28%-ға дейін сақталған. Бұл көрсеткіш әдістің тиімді еместігін көрсетеді. Екіншіден, заң жобасы қабылданбас бұрын әлемдік тәжірибелер зерттелген. Мысалы, Үндістанда мемлекет деңгейінде осы модель толық енгізілген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, құтырма ауруының 99%-ы иттер арқылы таралады, бұл санитарлық және академиялық тұрғыдан қауіпті», – деді ол.

Депутат инфрақұрылым мен бюджеттік проблемаларға да тоқтады.

«Мысалы, миллиардтан астам қаражат бөлінген, бірақ нақты нәтиже алынбаған. Бұл жерде коррупциялық тәуекелдер бар: вакцинация, стерилизация процестерін бақылап отыратын жауапты органдар жоқ. Сонымен қатар, әр түрлі мемлекеттік органдардағы функциялар мен жауапкершіліктер айқын белгіленбеген, иттердің иелері де жауапкершілікке тартылмаған. Сондықтан жаңа заң жобасы тек белгілі бір модельге емес, қараусыз қалған барлық жануарларға қатысты мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған», – деді Еділ Жаңбыршин Мәжлісте өткен брифингте.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдердің басым бөлігінде бұралқы жануарлар санын реттеудің негізгі тәсілі – қайтарымсыз аулау. Ал заңнамалық деңгейде тек Үндістанда бекітілген.