Психолог көп, бірақ мектеп пен емханаларда жоқ: Аймағамбетов нарықтағы заңсыздық пен жалақы мәселесін қозғады

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол заң жобасы сол үшін әзірленгенін айтты

Фото: видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында елімізде псхилог маманы тапшы болмаса да, алайда мектептер мен медициналық мекемелерде мамандар неге жетпей жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұл сала реттелмегендіктен, нақты статистика жоқ. Instagram-да өзін психолог деп атайтындар, осындай қызмет ұсынатындар, өз кеңсесінде клиенттерді қабылдайтындар – олардың саны ресми түрде есепке алынбайды. Бүгінде нақты деректер жоқ. Министрліктің мәліметінше, жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша психологтар жоғары оқу орындарынан білім алып шығады, гранттар бөлінеді. Сонымен қатар, конкурс өте жоғары баллмен өтеді, яғни осы мамандыққа көп студент қабылданады. Қосымша, ақылы қабылдау бойынша да көптеген түлектер оқуға түседі», – дейді Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, Қазақстан нарығында білікті дипломы бар психологтардың тапшылығы бар деп айтуға болмайды.

«Бірақ мектептерде, медициналық мекемелерде, басқа да салаларда психологтар аз. Себебі, жеке сектордан басқа, дипломы бар мамандар болса да, әлеуметтік пакет пен жалақының төмендігіне байланысты мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеуге қызықпайды. Мысалы, емханаға немесе поликлиникаға барған жағдайда олар дәрігер мәртебесіне ие болмайды, сондықтан жалақысы басқа мамандармен салыстырғанда өте төмен, әлеуметтік пакеті де шектеулі. Сол сияқты мектептегі педагог-психологтардың жалақысы нарықтағы мамандармен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз. Сондықтан кейбір салаларда психологтардың жетіспеушілігі олардың аз дайындалуынан емес, жұмыс шарттары мен әлеуметтік кепілдіктердің аздығынан туындап отыр», – дейді депутат.

Еске салсақ Мәжіліс бүгін бірінші оқылымда  «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын мақұлдады.