Қазақстандағы псевдопсихология енді қатаң бақыланады: Мәжілісте жаңа заң жобасы қаралып жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Психологтар үшін кәсіби стандарттар енеді

Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айна Мысырәлімова «Психологиялық қызмет туралы» заң нормаларын Мәжілістің жалпы отырысында баяндап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заң бірінші оқылымда талқыланып жатыр. Қоғамызда психологиялық жағдай туралы көп сұраныстар бар. Сондықтан «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты қолдауымен осы мәселені басымдыққа алған.

«Соңғы жылдары Қазақстанда бұл қызмет түріне сұраныс айтарлықтай артты. Мұны біз білім беру ұйымдарына түсетін өтініштерден, дағдарыс орталықтарының жұмысынан, әлеуметтік қызметтердің динамикасынан, Мәжіліске келіп түсетін азаматтардың өтініштерінен, тіпті әлеуметтік желілер мониторингінен көріп отырмыз. Сонымен қатар, психологиялық қызметтер нарығы әлі күнге дейін реттелмеген күйінде қалып отыр. Бүгінде кез келген адам өзін психолог деп атай алады – кәсіби білімі, расталған біліктілігі болмаса да, клиент алдында ешқандай жауапкершілік алмайды», – деді Айна Мысырәлімова.

Депутат атағандай, сапасыз көмек адамның жағдайының нашарлауына, жалпы жүйеге деген сенімнің жоғалуына алып келеді.

«Сондықтан, негізгі мәселені атап өткім келеді: бұл жай ғана заң жобасы емес – бұл қоғамның қауіпсіздік пен сапаға деген сұранысына берілген жауап. Психологиялық көмек – адамның осал күйімен жұмыс істеу, сондықтан ол құқықтық алаңнан тыс қалмауы тиіс. Заңда алғаш рет психолог деген кім, психологиялық қызметпен кім айналыса алатыны нақты айқындалады. Психологтардың кәсіби біліктілігі мен біліміне қойылатын нақты талаптар белгіленеді. Сонымен қатар, қызмет қағидаттары бекиді– кәсіби құпияны сақтау, этикалық нормаларды сақтау және манипулятивтік әдістерді қолдануға тыйым салу көзделген», – дейді ол.

Депутаттың айтуынша, заң жобасында сондай-ақ психологтардың және қызмет алушылардың құқықтары мен міндеттері анықталады.

«Сондай-ақ қызмет сапасын арттыруға бағытталған нормалар қарастырылған – стандарттау, кәсіби жауапкершілікті күшейту, психологиялық қызметтің түрлері мен әдістерін енгізу. Мысалы, психолог өз қызметі аясында психодиагностика жүргізуге, кеңес беруге, психокоррекциялық және психотерапиялық әдістерді қолдануға, оңалту, дағдарыстық және шұғыл көмек көрсетуге құқылы. Оның ішінде жеке практика арқылы да. Жеке қызмет аясында психолог қызмет алушымен психологиялық қызмет көрсету туралы шарт жасасуға міндетті. Сонымен қатар, психологиялық көмек ерікті және саналы түрде маманды таңдауға негізделеді.Сондай-ақ, психологиялық көмек көрсету кезінде қызмет алушының жазбаша түрде берілген ақпараттандырылған келісімі міндетті болып белгіленеді», – дейді ол.

Заң психологиялық және медициналық қызметті нақты ажыратады. Бұл қазіргі құқықтық белгісіздікті жояды.

«Жалпы, заңды қабылдау психологтарды даярлау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды дамытуға, психология саласын дамытуға және көмекке қолжетімділікті теңестіруге негіз қалайды. Сонымен қатар, азаматтарды қорғаудың құқықтық механизмдерін қалыптастырады – кім жауапты, қайда жүгіну керек, қандай стандарттар бұзылды – барлығы айқын бола түседі», – дейді депутат.