Түркия полициясы бір тәуліктен кейін екі күдіктіні ұстаған
31 наурыз күні Ыстанбұлда жеке логистикалық компанияда курьер болып жұмыс істеген Қазақстан азаматы оқ жарақатынан қаза тапты. Оқиға шамамен сағат 16:30-да Фатих ауданындағы Балабанага ықшамауданы, Зейнеп Камиль көшесінде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Haberler.com-ға сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, белгісіз адам Ариф И.-ге жақындап келіп, оның бас тұсына оқ атқан, содан кейін оқиға орнынан бой тасалаған. Ауыр жараланған азамат оқиға орнында көз жұмды. Шабуыл сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған: кадрдан күдіктінің курьерге жақындап, оқ атып, артынша кетіп бара жатқанын көруге болады.
1 сәуір күні тергеу аясында екі күдікті ұсталды. Олар Түркиядан шығып кетпек болған сәтте шекараға жақын орналасқан Эдирне провинциясынан қолға түскен. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, екеуі де Грузия азаматтары. Іздеу жұмыстарына жандармерия тартылып, ұшқышсыз ұшу аппараттары да пайдаланылған.
Медициналық тексерістен кейін ұсталғандар Ыстанбұл полициясына тапсырылды. Күдіктілер мінген көліктің жүргізушісіне қатысты заңсыз мигрант тасымалдау және адам саудасына байланысты айыптар бойынша бөлек іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстың нақты себебі әзірге жарияланған жоқ.
Агенттіктің ресми сауалына жауап берген Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оқиғаны растады.
«Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі биылғы 31 наурызда Фатих ауданында Қазақстан Республикасы азаматының қатысуымен болған оқиғадан хабардар. Қазіргі уақытта Түркия Республикасының құзырлы органдары қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы бас консулдығы марқұмның туыстарына қажетті көмек көрсетуде», – деп түсініктеме берді министрлік.
ҚР СІМ бұл мәселе ведомствоның бақылауында екенін атап өтті.