Бірқатар өңірде нөсер жаңбыр жауады
Дүйсенбі, 6 сәуір күні Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Еліміздің бірқатар өңірінде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» РМК ұсынған мәліметке сәйкес, атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты республиканың көптеген облысында жауын-шашын болады. Әсіресе, батыс және оңтүстік-батыс өңірлерде нөсер жаңбыр күтілуде.
Елдің батысы мен оңтүстігінде бұршақ жауып, қатты жел соғуы ықтимал. Күндіз еліміздің батыс бөлігінде шаңды дауыл соғады.
Сондай-ақ, республика бойынша тұман түсіп, желдің күшеюі болжанып отыр.
Жауын-шашынға қарамастан, еліміздің бірнеше облысында жоғары өрт қаупі сақталады. Төтенше жағдайлар қызметі мен синоптиктер Түркістан облысының батысында, солтүстігінде, орталығында және тау бөктерінде, сонымен қатар Жамбыл облысының солтүстік-батысында, шығысында және орталығында қауіптің жоғары екенін атап өтті. Бұл тізімде Қызылорда, Алматы, Жетісу, Қарағанды және Абай облыстары да бар.