Көлік жөндеу орталығының маманы біреудің темір тұлпарын айдап кетіп, апатқа ұшырады

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол енді төрт жылын темір тордың артында өткізеді

Фото: © istockphoto.com

Ақтөбеде техникалық қызмет көрсету орталығының  маманына қатысты шулы іс аяқталды. Тұтынушының сеніміне кіріп, жөндеуге берілген су жаңа көлікті рұқсатсыз тізгіндеген ісмер енді төрт жылын темір тордың артында өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазонға» сілтеме жасап. 

Ақтөбе тұрғыны көлік салонынан несиеге 2024 жылғы Kia Sportage автокөлігін сатып алған. Көліктің шамалы зақымы болғандықтан, иесі танысының кеңесімен Құлымбетов көшесіндегі орталықтардың біріне барған. Маман жұмысты 250 мың теңгеге бағалап, 150 мың теңге көлемінде алдын ала төлем алған.

Жөндеу жұмыстарына қажетті құрал-сайманды алу үшін ісмер тұтынушының көлігімен Алға қаласына аттанған. Ол бұл туралы көлік иесіне ескертпеген. Алғаға жеткенде күн райы бұзылып, жол жабылып қалады. Осы сәтте ол досымен бірге көлік ішінде алкоголь ішіп, көңіл көтерген. Кейінірек дүкенге бармақ болып, көлікке мас болып отырған. Нәтижесінде тізгінге ие бола алмай, көлікті аударып алған.

Көліктің талқандалғанын иесі тек келесі күні полиция қызметкерлері хабарласқанда ғана білген. Мамандардың айтуынша, су жаңа көлікті қалпына келтіру үшін 8 миллион теңгеге жуық қаражат қажет.

48 жастағы маманға «ірі мөлшерде шығын келтіре отырып, автокөлікті заңсыз иелену (айдап кету)» бабы бойынша айып тағылды.

Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, үкім шыққанға дейін иесіне 2 миллион теңгесін қайтарған. Жәбірленуші қалған шығынды өндіріп, оны бас бостандығынан айырмауды сұрағанымен, сот заң талаптарына сай қатал шешім шығарды. Техникалық қызмет көрсету орталығының маманы төрт жылға бас бостандығынан айырылды