Құтқарушылар қамыстың арасынан ер адамды аман алып қалды
Ақмола облысында ер адам қамыстың арасындағы батпақты суда 4 сағат жатып қалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құтқарушылардың мәліметінше, Целиноград ауданында, қараусыз қалған құс фабрикасының маңында көмекке шақырған дауыстар естілген. Оқиға туралы ұйым қызметкерлерінің бірі хабарлаған.
Оқиға орнына құтқарушылар жедел жетті. Батпақты жерде, қамыстың арасында ер адам табылып, гидрокостюм киген құтқарушылар оны шығарып алды.
«Ер адамның айтуынша, ол суда шамамен 4 сағат болған. Ер адам гипотермия белгілерімен жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласыңыз», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.