Табыс пен шығын сәйкес келмесе, салық төлейсіз
Елімізде енді табысы мен шығыны сәйкес келмейтін азаматтар мемлекеттік қазынаға 10 пайыз көлемінде салық төлеуі мүмкін. Мұны мемлекеттік кіріс комитеті өкілдері хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Егер азамат ай сайынғы шығыны табысынан неліктен көп болғанын дәлелдей алмаса, айырма сомасына салық төлейді. Мәселен, банк шотына бір айда 400 мың теңге түсіп, дәл сол шоттан 700 мың шығын шықса, дәлелденбеген сомаға, яғни 300 мың теңгеге 30 мың теңге салық төлеуі мүмкін.
«Салық төлеуші хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда анықталған кезең үшін хабарлама бойынша салықтық есептілікті ұсынады және салықтар мен бюджетке төлем жүргізеді», – деді агенттік өкілі.
Дегенмен салық сарапшысы Айдар Масатбаевтың айтуынша, аталмыш салықтық өзгеріс қарапайым азаматтарға әсер ете қоймауы мүмкін. Ол бұл бақылау түрін салықтан жалтаратын ірі кәсіпкерлерге қолдану артық етпейді деп санайтынын жеткізді.
«Себебі 100, 200 мың теңгеге артық шығынды қарызға немесе туысымнан алдым деп түсіндіруге болады. Салық органдары екі адам арасындағы есеп-қисапты анықтап отырмас. Дегенмен бұл тәртіп салықтан жалтаратын ірі кәсіпкер, олигархтарға қолданылса дұрыс деп санаймын», – деді ол.