Қазақстандық футболшы «Барселонаның» назарына ілікті: 15 жастағы спортшы келісімшартқа отырды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Испанияда шыңдалған қазақстандық вингер каталон клубының жүйесіне қосылады

Фото: mundodeportivo.com

15 жастағы қазақстандық футболшы Кәрім Меңдіқанов каталониялық «Барселона» клубымен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Шетелдік басылым Mundo Deportivo мәліметінше, 2011 жылы туған жас ойыншы келесі маусымда әйгілі клубтың жүйесіне ресми түрде қосылады. Испанияның жасөспірімдер футболы халықаралық таланттарды тартуын жалғастырып отырғаны, ал Меңдіқанов сол назар аудартқан ойыншылардың бірі екені атап өтіледі.

«Испанияның балалар мен жасөспірімдер футболы халықаралық таланттар үшін магнит болуын жалғастыруда және назар аудара бастаған есімдердің бірі – Кәрім Меңдіқанов. 2011 жылы туған қазақстандық жас футболшы «Барселонамен» келісімшартқа отырып қойды және келесі маусымда клубқа қосылады», – деп жазды. 

Футболшы Испанияға 2022 жылы қоныс аударып, жергілікті футбол жүйесінде дамуын жалғастырған. Алғашында Каталония лигасында «Серданьола» сапында ойнап, кейін «Сан-Кугат» клубына ауысқан. Осы командада ол оң қанаттағы шабуылшы ретінде өзін сенімді көрсетіп, негізгі ойыншылардың біріне айналған.

Жас вингердің ойыны бірнеше испан клубтарының қызығушылығын тудырғанымен, соңында ол «Барселонаның» ұсынысын таңдаған.