15 жастағы қызды «шариғат жолымен» тұрмысқа берген: сот үкімі күшінде қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Прокуратураға жеке қаулы жолданды

Фото: istockphoto.com

Қарағанды облысында кәмелетке толмаған қызға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2026 жылғы 1 сәуірде Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі апелляциялық тәртіппен қарап, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдырды. Айыпталушы мен оның қорғаушыларының шағымдары қанағаттандырылған жоқ.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 11–13 наурыз аралығында ер адам 15 жастағы қыздың кәмелетке толмағанын біле тұра онымен жалдамалы пәтерде бірге болған. Бұған дейін қызды анасы мен өгей әкесі оның келісімінсіз «шариғат жолымен» тұрмысқа бергені анықталған.

Сот алқасы істі қайта қарау барысында бірінші инстанция үкімінің заңдылығы мен негізділігін растады. Сонымен қатар, қарау қорытындысы бойынша облыс прокурорының атына жеке қаулы шығарылды.

Аталған іс кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және заңсыз некелердің алдын алу мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.