Аягөзде адам саудасымен айналысқан әйелге 6 жыл түрме жазасы кесілді
Абай облысы Аягөз ауданында адам саудасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аягөз аудандық сотының мәліметінше, 2024–2025 жылдар аралығында жергілікті тұрғын әлеуметтік осал адамдарды, әсіресе алкогольдік масаң күйде жүрген азаматтарды әдейі іздеп тауып, олардың сеніміне кірген. Ол жұмысқа орналастыруды уәде етіп, адамдарды шаруа қожалықтарына жіберіп отырған. Ал олар үшін төленген алдын ала ақшалай қаражатты өз пайдасына жаратқан.
Іс материалдары бойынша 5 эпизод анықталған. Жәбірленушілермен ол көбіне Семей қаласында вокзалдар мен базар маңында танысып, сенімге кірген. Кейін олардың еркін жүріп-тұруын шектеп, психологиялық қысым көрсетіп, кей жағдайда ішімдікке тәуелді ету тәсілдерін қолданған. Шаруа қожалықтарының иелері оның жеке шотына әр адам үшін 100 000-нан 400 000 теңгеге дейін ақша аударып отырған.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, келтірілген зиянды өтегенін және жәбірленушілермен татуласқанын жеткізген. Жәбірленушілер де оны кешіргендерін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындауын, өкінуін, шығынды өтеуін, жәбірленушілермен татуласуын, сондай-ақ «Күміс алқа» наградасының болуын ескерген. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Соған қарамастан, сот үкімімен әйел Қылмыстық кодекстің 128-бабы бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Абай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Үкім заңды күшіне енді.