Ақтауда ер адам түйесін көпқабатты үйдің жанына байлап қойған (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оқиға қаланың орталығында болған

Фото: Видеодан скрин

Ақтау қаласында ер адам түйесін көпқабатты үйдің жанына байлап қойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтауда 13-шағынаудандағы №2 үйдің жанында түйе бес қабатты тұрғын үйдің қабырғасындағы газ құбырына байланып тұрған.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тез тарап, қала тұрғындарының арасында үлкен резонанс тудырды.

Ақтау қаласы әкімдігінің мәліметінше, оқиға орнына тиісті қызметтер жедел түрде барған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары учаскелік полиция инспекторларымен бірге жануардың иесін анықтады.

Түйе иесіне қатысты уәкілетті орган әкімшілік айыппұл салу шарасын қарастырды. Жануарды иесі өзімен бірге алып кеткен.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, мал иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы (ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

Аталған бап бойынша 3 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылады, бұл – 12 975 теңге.