Ақтауда инъекциядан кейін әйелдің қолы істемей қалған

Автор: Мөлдір Қазыбай

Аурухана бұл жағдайды медициналық тәуекелмен түсіндірді

Фото: Lada.kz

Ақтауда облыстық ауруханаға жеткізілген науқасқа жасалған инъекциядан кейін оның қолы қозғалыссыз қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Lada редакциясының мәліметінше, 13 наурыз күні сағат 12:00 шамасында жедел жәрдеммен жеткізілген әйелге жүрек ишемиясы диагнозы қойылып, ол қабылдау бөлімінен кейін “қызыл аймаққа” жатқызылған. Науқасқа тамыр арқылы дәрі енгізу үшін катетер қойылып, ем басталған.

Алайда белгілі бір уақытта енгізілген ерітінділер тамырға емес, бұлшықетке кеткен. Бұл жағдай тек жансақтау бөлімінде, қан талдауы алынған кезде анықталған. Соған қарамастан, науқастың айтуынша, алғашқы сәтте қажетті шаралар толық жасалмаған: қолына мұз басып, спиртпен өңдеу ұсынылғанымен, медициналық мекемеде спирттің өзі болмаған.

Осыдан кейін әйелдің қолы қатты ауырып, қозғалысы шектелген. Ол тиісті медициналық көмектің жеткіліксіз болғанын айтып, e-Otinish жүйесі арқылы шағым түсірген.

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының мәліметінше, науқасқа дейінгі кезеңде жедел жәрдем қызметкерлері сол қолдың шынтақ тұсына веналық катетер орнатқан. Кейін стационарда бұл катетер жарамсыз деп танылып, алынып тасталған және сол аймаққа қайта дәрі енгізілмеген.

Мекеме өкілдері коронароангиографияның оң қол арқылы жүргізілгенін нақтылады. Ал сол қолдағы гематома бұрын орнатылған веналық жолмен байланысты болғаны айтылды. Дәрігерлер мұндай асқыну тамыр ішілік процедуралар кезінде кездесетін тәуекелдердің бірі екенін және ол әрдайым медициналық қателікке жатпайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, аурухана тарапынан науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілгені, ықтимал асқынулар мен әрі қарайғы ем шаралары түсіндірілгені хабарланды.