Талапкер тіркеуден сәтті өтіп, емтиханға қатысқан
Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде Назарбаев зияткерлік мектептерінің бірінде болған оқиға қатты таралып жатыр. Видеода оқушы қызды алдымен бір ер адамның ертіп алып, жүгіріп келе жатқанын, ал тағы бір ер адам мектептің қашасында қағазды алып ұшып, ішке қарай жүгіргенін көруге болады. Анықтағанымыздай, бұл видео Шымкенттегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде түсірілген екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мектептің баспасөз хатшысы бізге берген ақпаратында видео жуырда ғана, 27-28 наурыз күндері жазылғанын мәлім етті. Яғни, оның айтуынша, 27–28 наурыз күндері еліміздегі барлық Назарбаев Зияткерлік мектептерінде оқуға қабылдау емтихандары өткен.
«Бейнежазбада сағат 09:00-де жабылатын тіркеуге санаулы минуттар қалғанда келген талапкерді көруге болады. Оқушыны мектеп аумағына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Абылай Құлтай алып кірген. Одан әрі биология пәнінің лаборанты Батырбек Мырзахасымұлы оқушының рұқсат қағазын алып, оның уақытында тіркеуге үлгеруін қамтамасыз ету үшін мектеп ғимаратына қарай жүгірген. Оқушы қыз оның артынан еріп, белгіленген уақыт шегінде үлгеріп жетті. Талапкер тіркеуден сәтті өтіп, емтиханға қатысты», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Көпшілік оқушы қыз мектептегі ұстаздың баласы немесе біреудің танысы деп топшылаған еді. Бірақ, оқушы қызды директордың орынбасары да, лаборант мұғалім де танымайды және оның туыс-туғаны емес. Мектеп әкімшілігі бұндай әрекет білім алушыларға қолдау көрсету және рәсімдердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатын ғана көздейді. Осындай жағдайларда педагогтердің талапкерлерге қолдау көрсетуі – қалыптасқан кәсіби тәжірибе және адами жауапкершіліктің дәлелі. Мұндай жағдай жыл сайын қайталанады екен.