Ақтауда жасөспірімдер көрнекі нысандарды қиратып жатыр

Автор: Дәулет Ботагөз

Жастар оларды сындыруға жақын қалған

Фото: lada.kz

Ақтау қаласында тұрғындар жаңадан орнатылған көше инсталляцияларына қатысты дабыл қағуда. Жастар қаланың көрнекі нысандарын «аттракцион» ретінде пайдаланып, оларды сындыруға жақын қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Қаланың 12, 13, 16 және 17-шағын аудандарының қиылысында жақында ғана орнатылған заманауи конструкциялар қирайын деп тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жасөспірімдер инсталляциялардың үстіне шығып, суретке түсіп, оларды теңселткен.

Куәгерлердің сөзінше, мұндай оқиғалар жиі қайталанады. Тіпті, ескерту жасаған үлкендерге жастар дөрекілік танытып, әдепсіз ишаралар көрсеткен.

«Кейін «әкімдік қайда қарап отыр?» деп наразы боламыз. Бірақ мұны сындырып жатқан сырттан келгендер емес, өзіміздің балаларымыз. Егер конструкция құлап, біреу жарақат алса, тағы да билікті кінәлаймыз», — дейді тұрғындар.

Тұрғындарды алаңдататын басты мәселе — қауіпсіздік. Бұл нысандар адам салмағын көтеруге немесе үстіне шығуға арналмаған. Егер конструкция салмақ түскенде сынып кетсе, бұл ауыр дене жарақатына әкеп соғуы мүмкін.