Соңғы іссапар: Ақтөбеде пойыздағы кісі өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты

Автор: Алмас Ерсін

Үкім заңды күшіне енді

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе облысында Ақтөбе – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызында болған кісі өлтіру ісі бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, қайғылы оқиға 2025 жылдың қазан айында үш әріптестің қызметтік іссапары кезінде болған.

Өз купесіне жайғасқан ер адамдар кейін вагон-ресторанға барған. Онда тамақ пен алкогольдік ішімдікке тапсырыс беріп, ішімдік ішкеннен кейін олардың екеуінің арасында жанжал туындаған.

Дауды жалғастыру үшін олар вагонның тамбурына шыққан. Сол жерде жанжал күшейіп, ер адамдардың бірі әріптесіне бірнеше рет пышақ сұғып, салдарынан ол оқиға орнында көз жұмған.

Сот айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.

«Бұл оқиға алкогольдің қайғылы әрі орны толмас салдарға әкелуі мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетті», – деп атап өтті Бас көлік прокуратурасы.