Ресейде қазақстандықтар жаппай төбелескені туралы видео жарияланды: ҚР СІМ түсініктеме берді

Автор: Асыл Арман

Оқиға Ленинград облысындағы Усть-Луга ауылында болған

Фото: Видеодан скрин

Threads әлеуметтік желісінде Ресейдің Ленинград облысына қарасты Усть-Луга ауылында қазақстандықтардың жаппай төбелескені туралы видео тарады. ҚР Сыртқы істер министрлігі оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видеодан топқа автомобильдің кіріп кеткенін көруге болады. ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға 2026 жылғы 26 наурызда «Велестрой» құрылыс компаниясының нысанында болған.

«Санкт-Петербургтегі ҚР Бас консулдығы 2026 жылғы 26 наурызда Усть-Луга поселкесінде «Велестрой» компаниясының нысанында қазақстандықтар қатысқан қақтығыс туралы ақпаратты тексеріп жатыр. Алғашқы мәліметтер бойынша, төбелескендерді Ресейдің құқық қорғау органдары ұстаған және жағдайды анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Ресейдің тиісті органдарына және компания басшылығына ресми сауалдар жолданды. Дипломаттар Санкт-Петербург және Ленинград облысының ІІД-імен байланыста болып, қазақстандық азаматтардың нақты санын және құқықтық мәртебесін анықтауда. Бұл мәселе министрлік тарапынан ерекше бақылауда», – делінген хабарламада.