Қазпошта алғашқы цифрлық пошта бөлімшесін ашты
Түркістан облысының Манкент ауылында SmartPoint технологиясымен жабдықталған цифрлық пошта бөлімшесі ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Цифрлық бөлімшеде Wi-Fi желісі бар өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары қарастырылған, терминалдар eGov және AlemGPT жүйелерімен интеграцияланған, сондай-ақ мұнда поштаматтар мен сәлемдемелер супермаркеттері жұмыс істейді. Жаңа SmartPoint форматы клиенттерге кезексіз және қызметкерлердің көмегінсіз-ақ жөнелту құнын дербес есептеуге, сәлемдемелерді бақылауға, бланкілерді толтыруға және құжаттарды басып шығаруға мүмкіндік береді.
Starlink жоғары жылдамдықты интернеті мен автоматтандырылған жұмыс орындары бұл бөлімшені ауыл тұрғындары үшін толыққанды қызмет көрсету орталығына айналдырды. Сонымен қатар бизнес өкілдері мен жергілікті тұрғындарға ыңғайлы болу үшін электрондық коммерция бөлімі ашылды.
Цифрландыру жылы аясында Қазпошта биылғы екінші тоқсанда 200-ден астам шалғайдағы пошта бөлімшесін Starlink жүйесіне қосуды жоспарлап отыр. Бұл қадам цифрлық сервистерге тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етіп, ауылдық және жетуі қиын елді мекендердегі қызмет көрсету сапасын арттырмақ.