2023 жылы 18 жүк көлігі жалған құжаттар бойынша заңсыз тіркелгені анықталды
Алматыда арнайы ХҚКО-ның 5 қызметкері жалған құжаттар арқылы 18 жүк көлігін заңсыз тіркегені үшін түрлі мерзімге сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Арнайы прокурорлар Алматы қаласының Арнайы ХҚКО қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Тергеу нәтижесінде 2023 жылы Арнайы ХҚКО-ның 5 қызметкері 18 жүк көлігін жалған құжаттар бойынша заңсыз тіркеп, олардың нақты шығарылған жылын бұрмалағаны анықталды.
«Құқыққа қарсы әрекеттердің нәтижесінде көлік құралдарын бастапқы тіркегені үшін алым ретінде көзделген 164 млн теңге мемлекеттік бюджетке толық түспеді.
Кешенді жүргізілген тергеу әрекеттері мен сот сараптамаларының нәтижесі айыпталушылардың құқыққа қарсы әрекеттерін толығымен растады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекетке келтірілген шығын толық көлемде өтелді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Соттың үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыруға сотталған.