Қалада іздестіру күшейтілді, тұрғындардан көмек сұралды
Қостанайда 17 жастағы жасөспірім 19 наурыздан бері хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, Владимир Орелді іздестіру жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Оған полиция қызметкерлерімен қатар ТЖД бөлімшелері, құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдар және еріктілер жұмылдырылған.
Іздестіру аумағы қаланың басым бөлігін және оған іргелес аймақтарды қамтып отыр. Мамандар жасөспірім болуы мүмкін бағыттарды тексеріп, келіп түскен барлық ақпаратты мұқият пысықтауда. Сонымен қатар жетуі қиын аумақтар да назардан тыс қалған жоқ.
Құқық қорғау органдары іздеу шараларының үйлесімді әрі жедел жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Полиция қала тұрғындарын бейжай қалмауға шақырып отыр. Жасөспірімнің жүрген жері туралы қандай да бір мәлімет болса, «102» нөміріне дереу хабарлау сұралады.