Науқас жансақтауда, жағдайы өте ауыр
Ақтауда тұрғын үйдің 5-қабатынан құлаған қыздың жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Lada.kz ақпарынша, Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері науқастың жедел жәрдем бригадасымен қабылдау бөліміне өте ауыр жағдайда жеткізілгенін мәлімдеді. Тексеру барысында оның көптеген жарақат алғаны анықталған.
Атап айтқанда, науқаста оң жақ қабырғаларының (4-тен 8-ге дейін) сынуы, оң жақ жауырынның сынуы, өкпенің соғылуы, оң жақты гемопневмоторакс, сондай-ақ жамбас сүйектері мен сегізкөздің сынуы тіркелген.
Соған қарамастан, дәрігерлердің айтуынша, науқас есін біледі, сұрақтарға жауап береді және өздігінен тыныс алып жатыр.
“Қазір ол жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр және дәрігерлердің тұрақты бақылауында”, – деді медицина қызметкерлері.
Қайғылы оқиға 24 наурызда №6 бесқабатты тұрғын үйде болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, қыз құлаған сәтте 2-қабаттың терезесінің үстіндегі металл қалқанға соғылып, кейін жерге түскен.
Аталған дерек бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр.