Бұған Богуты кен орнының игеріле бастауы тікелей әсер етті
Қазақстан тау-кен саласында сенсация жасап, вольфрам өндіруден әлемдік рейтингте үшінші орынға көтерілді. Бұл жетістікке еліміздегі ірі кен орындарының бірі іске қосылғаннан кейін қол жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy республикалық Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығына сілтеме жасап.
Қазақстанның вольфрам алпауыттарының қатарына қосылуына Богуты кен орнының игеріле бастауы тікелей әсер етті. Мамандардың бағалауынша, бұл жердегі вольфрам қоры 285 мың тоннаны құрайды.
Былтыр Қазақстан тарихында алғаш рет вольфрам рудалары мен концентраттарын шетелге экспорттады.
Барлық өнім көлемі — 3,7 мың тонна — Қытайға бағытталды. Алғашқы экспорттық келісімшарттар елімізге 71 миллион доллар пайда әкелді.
АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) және SunSirs сараптамалық порталының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан таза металға шаққанда 2,4 мың тоннавольфрам өндіріп, әлемдік үштікке нық орнықты. Қазақстан бұл рейтингте Қытай мен Вьетнамнан кейін тұр. Айта кетерлігі, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Солтүстік Кореяны басып озып, әлемдік нарықтағы салмақты ойыншыға айналды.
Халықаралық сарапшылар Қазақстанның вольфрам нарығындағы маңызы алдағы уақытта тек арта түсетінін болжап отыр. Бұл ретте АҚШ инвесторларының қолдауы мен қызығушылығы ерекше атап өтіледі.
«Қазақстанның вольфрам нарығындағы үлесінің артуы — еліміздің сирек кездесетін металдар өндірісіндегі стратегиялық жеңісі», — дейді сала мамандары.