Тізімнің көш басында Сингапурдың Changi әуежайы тұр
Қазақстанның қос мегаполисі – Астана мен Алматының әуе айлақтары әлемдегі ең үздік 100 әуежайдың қатарына қосылды. Халықаралық сарапшылар мен саяхатшылар еліміздің бас қақпаларын жоғары бағалаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy AirlineRatings порталына сілтеме жасап.
Бұл рейтинг 2025/2026 жылдардағы Дүниежүзілік әуежайларды зерттеу аясында жасалған. Нәтижелер әлемнің түкпір-түкпірінен келген мыңдаған авиасаяхатшылар арасында жүргізілген сауалнама негізінде анықталды.
Тізімнің көш басында Сингапурдың Changi әуежайы тұр. Ол бұл атақты осымен 14-ші рет иеленіп отыр.
Қазақстандық көрсеткішке келсек, Астана мен Алматы әуежайлары үздік жүздікте бір-біріне өте жақын орналасқан. Олардың арасында небары екі-ақ халықаралық әуежай бар.
Ең қызығы, отандық әуежайлар бұл бәсекеде әлемге әйгілі ірі хабтарды басып озған. Қазақстандық әуе айлақтары қызмет көрсету сапасы мен жайлылығы бойынша келесі қалалардың әуежайларынан жоғары тұр:
1. Лиссабон (Португалия);
2. Анкара (Түркия);
3. Барселона (Испания).
Астана мен Алматы әуежайларының мұндай жоғары деңгейге көтерілуі – соңғы жылдары жүргізілген модернизация мен сервисті жақсарту жұмыстарының жемісі. Рейтингтің соңғы сатысында Португалияның халықаралық әуежайларының бірі тұрса, біздің қалалар алғашқы жүздіктің бел ортасында нық орныққан.