«Көмір генерациясын дамыту»: Үкімет ауқымды ұлттық жобаны бекітті

Автор: Дәулет Ботагөз

Құжат 2030 жылға дейінгі энергетикалық тапшылықты жоюды көздейді

Фото: © freepik.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасы ресми түрде қабылданды. Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған құжат 2030 жылға дейінгі энергетикалық тапшылықты жоюды көздейді. деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

8 жаңа станция және 11 нысанды жаңғырту

Индустрияландыру мен жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанға тұрақты энергия көзі ауадай қажет. Тек жаңартылатын энергия көздеріне (күн, жел) сену жеткіліксіз, сондықтан негізгі күш көмір генерациясына түспек.

Жоба аясында атқарылатын жұмыстар:

Жаңа құрылыс: Елімізде 8 жаңа энергия көзі бой көтереді. Оның ішінде Екібастұз (2 640 МВт), Курчатов (700 МВт) және Жезқазғандағы (500 МВт) ірі нысандар, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемендегі заманауи ЖЭО бар.

Модернизация: Жұмыс істеп тұрған 11 станция (Ақсу ГРЭС-і, Екібастұз ГРЭС-2 және т.б.) түбегейлі жаңартылады. Бұл жабдықтардың тозу деңгейін 12,6%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Инвестиция: Жобаның жалпы құны кемінде 7,5 триллион теңгені құрайды. Бұл қаражат бюджеттен тыс инвестициялар есебінен тартылады.

«Таза көмір» және экологиялық жауапкершілік

Жаңа нысандардың құрылысы экологиялық стандарттарға сай жүргізіледі. Жобада халықаралық талаптар бойынша зиянды қалдықтарды барынша азайтатын технологиялар қарастырылған.

ПӘК-ті арттыру: Жаңа технологиялар пайдалы әсер коэффициентін стандартты көрсеткіштерден жоғарылатып, шығарындыларды азайтады.

Сүзгілеу жүйесі: Жоғары технологиялық электрлі сүзгілер мен азот оксидтерін каталитикалық қалпына келтіру жүйелері орнатылады. Бұл ауаға таралатын зиянды заттардың концентрациясын еуропалық стандарттарға дейін төмендетеді.

Жұмысшыларға — жеңілдетілген ипотека

Ұлттық жобаның әлеуметтік блогы да өте ауқымды. Салада 4,5 мың тұрақты жұмыс орныашылмақ. 

Көмір электр станцияларының қызметкерлері үшін «Отбасы банкімен» бірлесіп жеңілдетілген ипотека бағдарламасы іске қосылады. Сонымен қатар, мамандарды бейінді жоғары оқу орындарында жүйелі даярлау шаралары қолға алынады.

Көмір мен көлік: Дамудың мультипликативті әсері

2030 жылға қарай көмірге деген қосымша сұраныс жылына 20 миллион тоннаға жетеді. Ол үшін:

1. Вагондар паркі кеңейтіледі (тәулігіне қосымша 600 вагон).

2. Теміржол инфрақұрылымы жаңартылады.

3. Отандық машина жасау саласы (қазандықтар мен трансформаторлар өндірісі) серпін алады.