Тегеран соңғы апталарда ешқандай диалог болмағанын мәлімдеп, ақпараттық манипуляция жайлы ескертті
Иран билігі АҚШ-пен келіссөз жүргізілді деген ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Anadolu Ajansı агентігінің ақпарынша, Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаидың мәліметінше, соңғы 24 күн ішінде Вашингтонмен ешқандай келіссөз де, ресми байланыс та болмаған. Ол Иранның Ормуз бұғазы мен аймақтағы шиеленісті реттеу шарттарына қатысты ұстанымы өзгеріссіз қалғанын атап өтті.
Бұл ұстанымды Иран Ислам кеңесі мәжілісінің төрағасы Мохаммад-Багер Ғалибаф та растады. Оның айтуынша, АҚШ-пен келіссөз жүргізілді деген ақпарат шындыққа жанаспайды және мұндай хабарлар қаржы мен мұнай нарықтарына ықпал ету мақсатында әдейі таратылуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп соңғы екі күнде АҚШ пен Иран арасында «өте жақсы және нәтижелі келіссөздер» өткенін мәлімдеген болатын.