6,1 мың теңге: палау қай қалада қымбат?

Автор: Мөлдір Қазыбай

Алматыда палау бағасы ең жоғары, ал Атырауда табыс деңгейі қолжетімділікті арттырған

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда бір қазан палау дайындаудың орташа құны 6,1 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Data Hub агенттігінің мәліметінше, есептеу барысында Ұлттық статистика бюросының облыс орталықтары мен ірі қалалардағы азық-түлік бағасының орташа көрсеткіштері негізге алынған. Құн құрамына қой еті (1,3 кг), күріш (1 кг), пияз, сәбіз және күнбағыс майы енгізілген.

Жалпы шығынның басым бөлігі қой етіне тиесілі, ол шамамен 5,1 мың теңге. Орташа жалақымен салыстырғанда, қазақстандықтар бір айлық табысына 71 рет палау дайындай алады.

Өңірлер арасында ең қымбат баға Алматыда тіркелген. Онда құны 6,7 мың теңге. Соған қарамастан, қаладағы табыс деңгейі жоғары болғандықтан, тұрғындар орташа жалақысына 82 қазан палау әзірлей алады.

Астанада палау құны 6,5 мың теңге. Елорда тұрғындарының табысы бұл көрсеткішті өтейді: бір айлық жалақы 87 қазан палауға жетеді.

Ең төмен баға Оралда байқалады – шамамен 5 мың теңге. Алайда өңірдегі табыс деңгейі салыстырмалы түрде төмен болғандықтан, тұрғындар 73 рет қана палау дайындай алады.

Атырау өңірі қолжетімділік бойынша көш бастап тұр. Мұнда бір қазан палау 5,9 мың теңге болса, жоғары жалақының арқасында тұрғындар айына 101 рет палау әзірлеуге қауқарлы.

Түркістан облысында палау бағасы 5,7 мың теңге болғанымен, табыс деңгейінің төмендігі салдарынан орташа жалақы 51 қазан палауға ғана жетеді.

Осылайша, палаудың құны өңірлерде айтарлықтай өзгермегенімен, оның халық үшін қолжетімділігі жалақы деңгейіне тікелей байланысты болып отыр.