Оқиғаның арты өртке ұласқан
Қарағанды облысының Шахтинск қаласында көпқабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, арты өртке ұласқан. Төтенше жағдай кезінде тұрғындарды құтқаруға ұмтылған бес полиция қызметкері түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шахтинск қаласындағы пәтерлердің бірінде газ баллоны жарылғаны туралы хабар «112» пультіне түскен бойда, оқиға орнына ТЖД күштері 4 минутта жеткен. Өрт сөндірушілер келгенге дейін тәртіп сақшылары тұрғындарды эвакуациялауға кіріскен.
Өрттің аумағы 40 шаршы метрді құрады; Жоғарғы қабаттардан 5 адамды баспалдақ арқылы қауіпсіз жерге түсірді; Зардап шеккен 8 адамның бесеуі — қызметтік міндетін өтеу үстінде болған полицейлер.
Полиция департаментінің мәліметінше, бұл жазатайым оқиға болмауы мүмкін. Қазіргі уақытта «Бөтен мүлікті қасақана жою» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Оқиғаға қатысты 40 жастағы күдікті ұсталды. Қазір ол Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасында жатыр. Емделіп шыққан соң, ол уақытша ұстау изоляторына қамалады», — деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Далада қалған тұрғындар үшін жедел түрде жылыту пункті ұйымдастырылып, ТЖМ-нің көлігі жұмылдырылды. Тергеу амалдары жалғасуда.