«Челси» дәрігерлерінің кеңесінен кейін Дастан Сәтбаев Қазақстан құрамасынан шығарылды

Автор: Алмас Ерсін

17 жастағы спортшы ұлттық құраманың тізіміне енгізілген болатын

Фото: NurPhoto via Getty Images

Шабуылшы Дастан Сәтбаев FIFA Series турнирінде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетпейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) ресми сайтына сілтеме жасап.

17 жастағы форвард наурыз айының соңында Астанада өтетін ФИФА аясындағы жарысқа шақырылған ұлттық құраманың түпкілікті тізіміне енген болатын. Алайда кейін лондондық «Челсимен» келісімшарты бар футболшы құрамадан шығарылды.

«Біз “Челси” футбол клубының медициналық штабы тарапынан Дастан Сәтбаевтың қазіргі жағдайына және наурыздағы халықаралық үзіліс кезінде қалпына келу қажеттілігіне қатысты ұсыныс алдық. Осы ұсыныстарды Қазақстан құрамасының медициналық штабымен бірге талқылап, барлық мәліметті саралай келе, ойыншыға толыққанды оңалудан өтуге мүмкіндік беру туралы шешім қабылдадық. Сатпаевтың орнына ұлттық құраманың орналасуына жақсы функционалдық жағдайда тұрған және команда тапсырмаларын орындауға дайын Оралхан Өміртаев шақырылды», – деді бас бапкер Талғат Байсуфинов.

Сәтбаев қыс мезгілінде жарақатынан айығып жүрген. Алматының «Қайраты» сапындағы жаңа маусымның алғашқы матчтарында ол қосалқы құрамда болды. Ал Талдықорғанның «Жетісуына» қарсы соңғы ойында шабуылшы алғаш рет негізгі құрамда алаңға шықты.

Өміртаев болса, Көкшетаудың «Оқжетпес» клубында өнер көрсетеді. Биылғы Қазақстан Премьер-лигасының маусымында ол үш матчта екі гол соғып, бомбардирлер тізімінің көшбасшыларының қатарына кіріп отыр.