Шымкентте мерекеге орай DamDastour халықаралық фестивалі өтті

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл шара 2026 жылғы туризм күнтізбесіне ресми түрде енгізілген

Фото: Шымкент әкімдігі

Шымкентте Наурыз мейрамына орай DamDastour халықаралық гастрономиялық фестивалі өтті. Бұл шара 2026 жылғы туризм күнтізбесіне ресми түрде енгізілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бірнеше күн бойы әл-Фараби орталық алаңы халықаралық дәмхана алаңына айналды. Фестивальге Бельгия, Швейцария, Франция, Сербия, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген кәсіби аспаздар қатысты. Олар өздерінің авторлық тағамдарын ұсынып қана қоймай, қонақтар үшін арнайы шеберлік сабақтарын өткізді.

Жиынның басты назарында Наурыз мейрамының символы – наурыз көже болды.

DamDastour аясында мейрамханалар арасында түрлі аталымдар бойынша байқаулар ұйымдастырылды. Қазылар алқасының шешімімен келесі мекемелер үздік деп танылды:

Ең дәмді палау: Grand Gondel Hills мейрамханасы;

Ең үздік самса: Qazaq Samsa;

Ең үздік ұлттық тағам: Понтос мейрамханасы;

Камал Ата дәмханасы арнайы марапатқа ие болды.

Фестиваль тек дәмді тағамдармен шектелген жоқ. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін кең ауқымды ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды:

1. Әртістердің өнері мен цирк нөмірлері;

2. Батырлар шоуы және жәрмеңке;

3. Мотошеру ұйымдастырылды.