Құтқарушылар көктемгі мұздың қаупі жайлы ескерту жасады

Автор: Дәулет Ботагөз

Маусым басталғалы бері 34 адам құтқарылған

Фото: © istockphoto.com

Төтенше жағдайлар министрлігі көктемгі мұздың еруі кезінде азаматтарды су айдындарында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Маусым басталғалы бері құтқарушылар 34 адамды, оның ішінде 13 баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құтқарушылардың айтуынша, көктемгі кезеңде мұз сырттай қатты болып көрінгенімен, өзінің беріктігін тез жоғалтады. Күн жылынып, мұз қабаты кеуекті әрі морт сынғыш күйге ауысады. ТЖМ ойықтар мен мұз ойылған жерлерде мұзға шығуға қатаң тыйым салынатынын ескертеді.

Мекеме мәліметінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында:

  • 28 мыңнан астам рейд өтті;
  • 102 мыңнан астам азаматпен профилактикалық әңгіме жүргізілді;
  • 47 мыңға жуық балықшыға қауіпсіздік нұсқаулықтары берілді.

Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін ТЖМ келесі ережелерді жадыда сақтауды сұрайды:

1. Жұқа немесе берік емес мұзға шықпаңыз;

2. Мұз үстінде бір жерге топ болып жиналмаңыз;

3. Мұз ойықтарына жақындамаңыз;

4. Белгіленген өткелдерден тыс жерлерде мұз үстіне көлікпен шықпаңыз.